ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (С.А.С.) ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫ.

Барлық жаңалықтарға оралу

Алла елшісінің (с.а.с.) өміріне көз жүгіртер болсақ бала күнінен еңбекке жақын болғанын көреміз. Әке-шешесі мен атасынан жастай жетім қалып, көкесі Әбу Тәліптің қолында өседі. Ол кісінің бала-шағасы көп, жағдайы да мәз емес болған соң, Пайғамбарымыз (с.а.с.) кішкентай кезінен бастап ақыға қой бағып, көкесінің бір жағынан шығысады. Сәл есейгенде сауда-саттыққа араласып, Әбу Тәліппен бірге керуенге қосылып, түрлі өлкелерге барады. Тәжірибе жинақтаған соң өзі жалғыз да керуен бастап шығатындай болады. Сондай уақыттардың бірінде Хадиша есімді жесір әйелдің керуенін әдеттегісінен екі есе пайда тауып, аман-есен алып келеді. Сапарлас жандардың Пайғамбарымыздың адалдығы жайлы әңгімелеріне тәнті болған ол кісі, өзі ұсыныс жасап, екеуі отбасын құрады. Мұнан кейінгі уақыттарда да Алла елшісі (с.а.с.) Мекке маңындағы атақты базарларда сауда-саттықпен айналысады. Алайда, Пайғамбарымыздың өмірі дене еңбегімен шектеліп қалған жоқ. Көзі көріп жүрген, кеңінен етек жайып кеткен таразыдан жеу, ішімдікқұмарлық, зинақорлық, әлімжеттік, әділетсіздік, өздері қолдан жасап алған мүсіндерге құдайдай табыну секілді т.б. жамандықтар мен арсыздықтарды тоқтатып, халқын жақсылыққа бастаудың жолын ойлап, уайымға батумен болды. Ақыры осындай үлкен ой үстінде Хира үңгірінде отырғанында Жәбірейіл періште келіп өзін Алла Тағала адамдарды жақсылыққа бастаушы елші қылып тағайындағанын жеткізді. Ол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) қырық жаста, алты баланың әкесі еді. Содан бастап өмірден өткенінше 23 жыл бойы еш тынбастан айналасына жақсылық нұрын шашумен болды. Аштықты да, ол әкелген дінге қарсы шығушылардың қысымын да, түрлі қиындықтарды да, қайғылы қазаны да, қаншама соғысты да көрді. Бірақ ешқашан артқа шегінбеді. Мамыражай уақыттар да болды. Мұндай кезеңдерде босаңсымады. Алланың сөзі 604 беттік Құранды адамдарға айна қатесіз жеткізді. Сол Құранға бар жан-тәнімен амал етуге тырысты. Қандай да бір мұқтаж жан болса көмек қолын созды. Сапарда жанындағыларға су құйып беріп, өзі ең соңынан ішетін кездері болды. Сұрақпен келген кісіні жауапсыз қайтармады. Жаңа бір мемлекет құрып, оны әділдікпен басқара білді. Лайықты адамдарды қызметке тағайындап, оларға міндеттерін адал атқаруды қадап тапсырды. Мәселен, бірде зекет жинауға тағайындаған бір сахабасына: «Байқа, сені қиямет күні мойныңа түйе арқалаған күйінде жолықтырып жүрмейін», - деп, жиналған малдан жасырып өзіне алып қалған жағдайда, шаң тозаңындай жақсылық пен шаң тозаңындай жамандықтың қарымтасы берілетін ақыреттегі есеп күнінде сұрауы ауыр болатынын ескертеді. Пайғамбарымыз қажет кезінде қол бастап соғысқа кірді. Дайындық барысында екі білегін сыбанып жұмысқа араласты. Бір жолы дұшпан Мединеге шабуыл жасағанда сахабаларымен кеңесе отырып, қаланың айналасына ор қазуға бел байлайды. Бірнеше күн ішінде ұзындығы 3 км, ені 7-10 м, тереңдігі 2,5 м орды қазып бітіреді. Бұл жұмысқа Пайғамбарымыз өзі де бастан аяқ қатысады. Арасында бір үлкен тас шығып, оны үгітуге ешкімнің күші жетпегенде Алла елшісі әлгі тасты қаласымен үш рет ұрып быт-шытын шығарады. Жай уақытта да қандай да бір қоғамдық жұмыстардан тыс қалмады. Мысалы, Мединенің алғашқы мешітін тұрғызғанда, құрылысқа өзі араласып, оны көрген басқалары да бар ынтасымен іске кіріседі. Пайғамбарымызда бос уақыт деген болмайтын. Тіпті, сырттың жұмысынан үйіне келгенде қол қусырып қарап отыру, аяғын көтеріп жатып алу деген жоқ, керісінше отбасына көңіл бөліп, үй ішіндегі жұмыстарға да қолғабыс қылатын. Айша анамыздан "Пайғамбарымыз үйде не істеуші еді", - деп сұралғанда ол кісі: «Шаңырақта қарапайым бір адам. Киімін тігіп, аяқ киімін жөндеп алатын. Қой да сауатын. Жұрттың бәрі секілді үй ішінің жұмыстарын жасайтын», - деп жауап қатады. Осындай қарбаласқа толы уақытының ешбірінде Алланы есінен шығарған емес. Сол тіршіліктің арасында халыққа бес уақыт намазда имамдық қылып, намаз соңында сұрағы бардың сұрағына жауап беріп, ауырып намазға келе алмай қалған жан болса барып көңілін сұрады. Әрдайым адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарып, көркем уағыз-насихатымен ізгілікке бағыттап отырды. Халықтың қызметінен қолы қалт еткенде қосымша ғибадаттар жасайтын. Түнгі уақыттарда да Аллаға шүкірлік қылып, аяғы ісіп кеткенге дейін намаз оқитын. Алла елшісінің өмірі бізге үлгі болғаны секілді, өсиеттері де еңбекке шақырады. Пайғамбарымыз Алладан әр күні таң атқанда және күн батқанда "жалқаулықтан сақтай гөр!" - деп дұға тілейтін. Сондай-ақ, «Адамның жеген тамағының ең жақсысы қолекі еңбегімен тапқаны» десе, басқа бір сөзінде «Таудан отын арқалап әкеп сатып күнелту, адамдардан қол жайып сұраудан (біреу берер, біреу бермес) әлдеқайда жақсы,» - деп, қандай болса да бір кәсіппен айналысып, ерінбей еңбек етіп, тіленбей қарын тайдыруға шақырып, еңбектің наны тәтті болатынын айтты. Осындай Пайғамбардың (с.а.с.) үмметіне жалқаулық жараспайды. Әр ісімізде Алла елшісін өзімізге үлгі тұтып, әрдайым алға қадам басып, шаршауды білмей еліміздің игілігіне қызмет етер болсақ, екі дүниеде бақытқа кенелеріміз хақ. Серіков Қуаныш Файзоллаұлы, Әбу Бәкір Сыддық медресе колледжінің ұстазы