Көркем мінез

Барлық жаңалықтарға оралу

Көркем мінез шынайы мұсылманның сипаты Көркем мінез – Алла Тағала адам баласына дарытқан асыл қасиет. Адам мінезінің шынайылығы өзін қоршаған ортада, ата-ана, туған-туыс, жора-жолдас арасында байқалады. Адам баласы қауым болып өмір сүруге бейімделген. Қоршаған ортадағы қандайда бір мәселені шешу үшін адамға көркем мінез өте қажет. Кез-келген адаммен қатынасымызды түзеу үшін сыпайы, көркем түрде байланыс жасауымыз керек. Ата-ананың ұрпағына берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы. Көркем мінез – пайғамбарлардың, шыншылдар мен ізгілердің мінезі. Алла Тағалаға Қасиетті Құран Кәрімде Пайғамбарымызға(с.ғ.с.):
عَظِيمٍ خُلُقٍ لَعَلَىٰ وَإِنَّكَ
«Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің»,-деген. (Қалам 4 аят)
فَقُلتُ : يَا أُمَّ المُؤمِنِينَ ! أَنبئِينِي عَن خُلُقِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ ؟ قَالَت : أَلَستَ تَقرَأُ القُرآنَ؟ قُلتُ : بَلَى . قَالَت : فَإِنَّ خُلُقَ نَبِيِّ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ كَانَ القُرآنَ
Сағд ибн Һишамнан жеткен хадисте Айша анамыздан: Пайғамбарымыздың (с.а.у)мінез-құлқы жайында сұрағанда, ол: «Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Ол: «Ия, оқимын» деді. Айша анамыз: Оның мінез-құлқы – Құран ғой», - деп жауап берген. Әрбір мұсылман баласы көркем мінездің биік үлгісі ретінде Пайғамбарымыздың(с.ғ.с.) өмірін, іс-әрекетін негізге алады. Қазіргі уақытта көптеген бауырларымыз ішкі жан-дүниеге қарағанда сыртқы келбетті негізге алып, шынайы қажет болған сүннетті ұмыт қалдырып жатыр. Сақал өсіріп, балақ қысқартуды діннің негізі санап, Пайғамбарымыздың сипаты болған қарапайымдылық, сабырлылық, көркем мінезге амал жасауды тоқтатып қойды. Ислам дінінің бізден талап еткені ішкі жан-дүниенің сұлулығы. Адамның ішкі дүниесі түзелсе, сырты да түзелмек. Осы орайда Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінен бірнеше өнеге келтірсек. Пайғамбарымыз (с.а.у) біздерге отбасымен қандай қарым-қатынаста болу керек екені жайында сөзімен де іс-әрекетімен де үлгі бола білген. Алла елшісі мүбарак хадисінде:
خَيْرُكُمْ خَيْرُكُمْ لِأَهْلِهِ وَأَنَا خَيْرُكُمْ لِأَهْلِي
«Сендердің жақсыларың жанұяларына жақсы болғаны, мен сендердің ішінде жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын,- деп айтқаны бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдайым әйелдеріне жылы шырай білдіріп, мейірлене қарайтын, үнемі әзілдеп, есімдерін еркелетіп атайтын.Айша анамызға «ей Айш» кей кездері «Хумайра» деп, кейде әкесінің құрметіне «Ей Сыддықтың қызы» деп, еркелететін. Тұрмыс жағдайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әйелдерімен үнемі араласып, қолдау көрсетіп, барлық істерінде жәрдемдесетін. Бір хадисте Айша анамыз:
كَانَ يُخِيطُ ثَوْبَهُ ويَخْصِفُ نَعْلَهُ وَيَعْمَلُ مَا يَعْمَلُ الرِّجالُ في بُيُوتِهِمْ
«Өз киімін өзі жамайтын, аяқ-киімін жөндейтін, үйде ер адамға тиісті істі жасайтын»,- деген. Пайғамбарымыздың сөйлеу әдебіне келетін болсақ, Алла елшісінің сөзі анық әрі, нық шығатын. Тыңдаған адам тез түсініп, жаттап алатын. Бұл жайында Айша анамыз былай деген:
كَانَ يَتَكَلَّمُ بِكَلَامٍ بيِّنٍ فَصْلِ يَتَحَفَّظُهُ مَنْ جَلَسَ إِلَيْهِ
Пайғамбарымыз (с.а.у) бір нәрсе жайында айтса, анық, үзіп айтатын қасындағы адам жаттап алатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) тек өзіне қатысты мәселе бойынша ғана сөйлейтін және тек пайдалы сөз айтатын. Егер бір нәрсені жақтырмаса, мүбарак жүзінен байқалып қалатын. Алла тағала Құран кәрімде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайында:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«Уа, Мұхаммед!» Біз сені күллі әлемге теңдесі жоқ рақым етіп жібердік. (Әнбия 107 аят) Пайғамбарымыз (с.а.у) саналы ғұмырында мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған, тіпті мүшріктерден қорлық көрген кезде оларға қарсы дұға жасамаған. «Неге оларға лағынет айтпайсың?» дегенде:
إِنِّي لَمْ أبْعَثْ لَعَّانًا، وَإنَّمَا بُعِثْتُ رَحْمَةً"
«Шынында мен лағынет айту үшін жіберілмедім, асылында мен мейірім ретінде ғана жіберілдім»,- деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдардың ішінде өте қарапайымы еді. Ол байдың да кедейдің де шақыруын бірдей қабыл алатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешуақытта оған сыйға берілген затты керексіз қылып кері қайтармаған. Ол сыйлықты мұсылманнан да, мұсылман еместен де еркектен де әйелден де қабыл алатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) мұны өзінің үмметіне де бұйырған. Атақты хадисте: «Мені қойдың жамбас етін пісіріп шақырса да, сирағын асып шақырса да, жауап берер едім және сыйға тартылса, қабыл етер едім.»,- деген екен. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
أَجِيبُوا الدَّاعِي وَ لَا تَرُدُّوا الْهَدِيَةَ
Шақырғанға жауап беріңдер және сыйлықты қайтармаңдар деген. Көркем мінез – екі дүниеде де бақытқа бастайтын бірден-бір жол. Егер біз дініміз ұсынған көркем мінез үлгілерін ұстанып, иманымыздың кәмілдігін Пайғамбарымыз бен сахабалар секілді амалмен көрсете білсек және оны өмірлік ұстанымымызға айналдыра алсақ, төрткүл дүниенің түкпіріне тарыдай шашылған адамзат баласының исламға деген махаббаты да арта түспек. Ендеше, құдіреті күшті Алла тағаладан мінезімізді көркем етіп, ақыреттегі есепте таразымыз сауап жағынан ауыр келуін сұраймыз.
«Әбу Бәкір Сыддық» медресе колледжінің арнайы діни пәндер оқытушысы Ержан Батырбек