Әбу Бәкір Сыддық медресесі "колледж" статусын алды.

Барлық жаңалықтарға оралу

Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Адамның бір қызығы бала деген,
Баламды оқытуды жек көрмедім, - деп жырлайды дана Абай атамыз.
Сол айтқандай, қазіргі таңда елімізде қазақ жастарына 2 жыл 10 ай бойы діни білім беріп, рухани іліммен сусындандыратын 9 медресе жұмыс істеп тұр. Бұл ілім ордаларынан түлеп ұшқан жастар еліміздің түкпір-түкпірінде халқына жан аямай қызмет етіп, асыл дініміз - Исламның құндылықтарын насихаттаумен келеді. Соңғы жылдары ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен аталмыш медреселер біртіндеп "колледж" статусын иеленіп келеді. Ендігі жерде бұл оқу орындарында дін ілімімен қатар, әртүрлі қоғамдық-гуманитарлық пәндер де оқытылып, шәкірттердің ілім көкжиегін кеңейте түспек. Міне, бүгін солардың қатарына Павлодар өңіріндегі "Әбу Бәкір Сыддық медресе" колледжі де қосылып, арнаулы лицензияға қол жеткізіп, "колледж" атанды. Алдағы уақытта гранттар иеленіп, медресе колледж студенттеріне шәкіртақы тағайындалса нұр үстіне нұр болып, жас талапкерлердің ілімге деген ынтасын арттыра түсері сөзсіз. "Әбу Бәкір Сыддық медресе" колледж ұжымына "Құтты болсын!" айта отырып, еңбектеріне жеміс тілейміз!!!