«Әбу Бәкір Сыддық медресе» колледжінде Азан үні әуеледі

Барлық жаңалықтарға оралу

Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) өмірге келген қасиетті Мәуліт айының құрметіне орай Павлодар облысында орналасқан арнаулы орта діни білім беретін «Әбу Бәкір Сыддық медресе» колледжі шәкірттері арасында «Азан сайысы» болып өтті. Шараға үш курстың студенттері де қатысып, бақ сынасты. Сайыс басталмас бұрын «Әбу Бәкір Сыддық медресе» колледжінің директоры Нұрсеит Абдумталиұлы және Мәшһүр Жүсіп Орталық мешітінің наиб имамы Елбек Қожамұратұлы Мәуліт айының қадір-қасиеті жайлы айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Медресе ұстазы – Серік Қуаныш шәкірттерді сайыс ережесімен таныстырып, азанның маңыздылығы жайлы сөз қозғап өтті. Жарысқа барлығы 13 студент қатысып, көркем дауысы және әуезді мақамымен оқ бойы озып шыққан 3 студентке жүлделі ақшалай сыйлықтар табысталып, мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ, жарысқа қөатысушы барлық шәкіртке ынталандыру сыйлықтары беріліп, естелік мақтау қағаздары ұсынылды. Осылайша, қасиетті Мәуліт айында Ислам дінінің ең маңызды рәміздерінің бірі – Азанның үні әуелеп, медресе шәкірттерінің рухы серпіліп қалды. Алла Тағала азанымыздың қияметке дейін тоқтатпай, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мәулітін ел болып кең көлемде атап өтуге жазсын! Жас ұрпаққа Алла елшісінің (с.а.с.) адамгершілігі мен көркем мінез-құлығын насихаттап, еліміз бен асыл дініміздің игілігіне қызмет ететін болашақ имам-ұстаздарымызға пайдалы білім берсін деп тілейміз!